Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Спандияр Көбеев, Сәбит Дөнентаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев шығармалары

Конспект

 

 

Ыбырай Алтынсарин үлгісіндегі педагог-жазушы Спандияр Көбеев 1878 жылы Қостанай өңіріндегі Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Өзінің балалық шағы туралы естелігінде: «Менен бұрын бес ұлы, бір қызы бар ата-анам мен дүниеге келгенде, қуана қоймады. Анам: «Сен әрі суық, әрі қатты мұқтаждық көрген кезімізде туып едің», – деуші еді», – деп еске алады. Спандиярдың әкесі Көбей мұсылманша хат танитын, етікші, балташы сияқты қолөнермен айналысса, анасы Айтбоз ақылды, қайратты, ауылдың ортақ анасы болған.

 

Ыбырай Алтынсарин ашқан ауылдық мектепте оқып білім алған Спандияр Көбеев 1901 жылы Кішіқұм деген жерде алғашқы ұстаздық қызметін бастағаннан өмірінің соңына дейін осы қызметін тастамаған. С. Көбеев ұстаздық қызметпен қоса мәдениет жаршысы да болған. Бос уақытында ауыл адамдарына әдеби шығармалардың мазмұнын әңгімелеп, олардың ой-санасына ықпал етуге тырысқан. Ол туралы өзінің «Орындалған арман» деген мемуарлық шығармасында: «Мен Пушкин, Лермонтов сияқты ақын-жазушылардың шығармаларының мазмұнын айтып түсіндірдім, әсіресе Крыловтың мысалдарын көбірек оқып, аударып беріп жүрдім», – деп жазған. Спандияр Көбеев өзінің ауызша айтып жүрген мысалдарын жинап, толықтырып, 1910 жылы Қазанда «Үлгілі тәржіма» деген атпен кітап етіп шығарған. Кітапқа Спандияр Көбеевтің Крыловтан аударған «Емен мен тал шыбық», «Шал мен өлім», «Қасқыр мен тырна», «Маймыл мен айна», «Қасқыр мен мысық», «Көлбақа мен өгіз», «Қарға мен түлкі», «Аю мен мүсәпір шал», «Арыстан мен тышқан», «Екі төбет», «Түлкі мен жүзім жемісі», «Есек пен сандуғаш», «Көлбақа мен Юпитер», «Ағаштың жапырақтары мен тамырлары», «Аққу, шортан һәм шаян», «Хакім сұраған көлбақалар», «Бүркіт пен көртышқан», «Жұрт кеңесі», «Арыстан мен тышқан», «Қасқыр мен қозы», т.б. мысал өлеңдері топтастырылған. Спандияр Көбеев мысал өлеңдері арқылы қоғамдағы келеңсіздіктерді сынаған әрі өзінің демократтық-ағартушылық көзқарасын білдіре отырып, азатшылдық ой-сананың жаршысы болған.

 

Спандияр Көбеевтің бастауыш мектептегі қазақ балаларына арналған оқу кітабы ретінде құрастырған «Үлгілі бала» атты жинағы 1912 жылы Қазан қаласында басылып шыққан. Жинаққа енген шағын әңгімелердің көбін Спандияр Көбеев Л. Толстойдың, К. Ушинскийдің оқу кітаптарынан алған. «Үлгілі бала» кітабындағы «Құмырсқа мен көгершін», «Ат пен есек», «Атасы мен немересі», «Қоян мен көлбақалар», «Екі жолдас», «Түлкі мен теке», «Сауысқан мен қарға», «Екі соқа» шығармаларында педагог-жазушы балалар үшін тәрбиелік мәні зор мәселелерді көтерген. Мысалы, «Екі соқа» шығармасында еңбекшілдікті мадақтап, еңбектің адамға тигізер пайдасы мен ықпалы туралы терең ой түйген.

 

«Үлгілі бала» жинағына жазушының әлеуметтік теңсіздікті, зорлықты әшкерелейтін, жетім-жесірді аяуға үндейтін «Жетімнің өлеңі», «Жетім», «Қайыршы мен бай», т.б. төл шығармалары да енген. «Үлгілі тәржіма», «Үлгілі бала» жинақтарының жарыққа шығуы Спандияр Көбеевтің шығармашылық белсенділігін қанаттандыра түсті әрі бұл кітаптарды жазу барысында жазушы көп еңбектенді, көп ізденді. Осы ізденістің нәтижесінде 1913 жылы Қазан қаласында Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы жарыққа шықты. Қазақ әдебиеті тарихындағы қарасөзбен жазылған алғашқы көлемді шығармалардың бірі болып табылатын «Қалың мал» романының тақырыбы – әйел теңсіздігі мен жастардың бас бостандығы.

 

Романның негізгі кейіпкерлері:

Ғайша – сұлу да әдепті, тәрбиелі 14-15 жасар бойжеткен қыз. Аздап оқыған, хат таниды. Қалыңмалға сатылып, әкесінің шешімімен сүймеген адамына бармауға бел байлап, өзінің бас бостандығы үшін күреске шыққан жаңа типті бейне.

Қожаш – кедей таптың өкілі. Орта бойлы, талдырмаш, сабыр иесі, қара торы, бір сөзді, уәдеден таймайтын жігіт. Қыз айттыруға шамасы келмейді, бірақ өз бақыты үшін күресуге дайын. Сүйген қызы Ғайшаны алып қашып, өзінің азаматтық бейнесін танытады.

Жүніс, Әлкен, Бірке – Тұрлығұл, Байғазы, Құрымбайлардың тізесі батқан кедей ауылдың жігіттері өздерін жазықсыз жәбірлеуші үстем тап өкілдеріне қарсы тұрып, би-болыстардан Кеңшалғынды тартып алады.

Итбай – қызы Ғайшаның тағдырынан гөрі байлықты ойлайтын дүниеқоңыз адам. Байлыққа құныққаны сондай – жетпістен асқан Тұрлығұл құдалыққа кісі жібергенде, көктен сұрағаны жерден табылғандай: «Бұл Тұрлығұл байға біздің Ғайшажанды айттыра келген шығар, қазыны бұзбай сал», – деп есі кете қуанады.

Тұрлығұл – байлықты ар-ұят, адамгершілік, ынсап деген нәрселерден жоғары қоятын ұнамсыз кейіпкер. Өзінен малына көбірек сенетін Тұрлығұл: «Маған бермегенмен, малға береді ғой», – дейді Ғайша туралы сөз болғанда. Жазушы оны: «Ұзын бойлы, мес қарын, түксиген қалың қабақты, көп сөйлемейтін, жалпақ мұрын, қарсы келген адам қаймыққандай, елге зәбірлі, көршілеріне мазаң, қатты мінезді адам» деп суреттеген.

 

Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романының сол кезеңде өмірге келген басқа романдардан ерекшелігі – романның негізгі кейіпкерлер – бірін-бірі сүйген екі жас Қожаш пен Ғайша алға қойған мақсаттарына жетіп, бақытты өмір сүреді. Роман соңында тігулі тұрған отау маңында ойнап жүрген балалар, жайылып жүрген мал, ас қамымен жүрген Ғайша, шөп шауып келе жатқан Қожаш суреттелген. Оқиға жастардың бас бостандығы жолындағы күресінің жеңісімен аяқталған.

 

Спандияр Көбеев көргендері мен көңілге түйгендерін, бастан кешкен оқиғаларын жинақтай отырып, «Алғы сөз», «Балалық шақ», «Мен – оқытушы», «Қилы кезеңдер», «Орындалған арман» деген бес тараудан тұратын «Орындалған арман» атты мемуарлық роман жазған. Роман 1951 жылы жарыққа шыққан.

 

Өзінің саналы ғұмырын ағартушылық қызметке арнаған Спандияр Көбеев екі рет Ленин орденімен марапатталған. Ағартушы-ұстаз, педагог-жазушы Спандияр Көбеев 1956 жылы қайтыс болған.

 

ХХ ғасырдың басындағы демократтық-ағартушылық әдебиеттің көрнекті өкілдерінің бірі Сәбит Дөнентаев 1894 жылы қазіргі Павлодар облысының Ақсу ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Жас кезінде сауатын ауыл молдасынан ашқан Сәбит 1911-1912 жылдары Павлодар қаласындағы Қасым қажының медресесінде оқыған.

 

1913 жылдан бастап С. Дөнентаевтың өлеңдері «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде жарияланып тұрған. Ақынның баспа бетін көрген тұңғыш туындысы «Қиялым» өлеңі «Айқап» журналында жарияланған.

 

С. Дөнентаевтың алғашқы өлеңдер жинағы «Уақ-түйек» деген атпен 1915 жылы Уфа қаласында басылып шыққан. Жинаққа енген «Биік тау», «Менің жайым», «Заман кімдікі», «Замандастар», «Қайда кеткен?», «Қызмет көрсет халыққа», «Жүрекке», «Ақыл», «Жан мен тән», «Өгей ұл» деген өлеңдері қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті жырлауға арналған. Ақын «Заман кімдікі» өлеңінде:

 

Бұл заман байқағанға күштінікі,

 

Азулы, тырнақты мен тістінікі, –

 

деп, үстем тап өкілдерін, ел билеушілерді азулылар мен күштілер, тырнақтылар мен тістілер кейпінде суреттеген. Өмір шындығын тұспалдап көрсету арқылы С. Дөнентаев «Ұры мен баласы», «Ауырған арыстан», «Екі теке», «Бозторғай», «Сұңқар мен қарғалар», «Шошқа мен саудагер», «Бөшкенің зары» деген мысал өлеңдер де жазған. Ақынның «Дәуітбек», «Құсайынның арманы», «О, жалған-ай», «Нағиманың өкпесі», «Бір адвокаттың мінезінен», «У жеген қасқырға», «Екі болыстың тәубесі», «Көктөбетке» атты сатиралық өлеңдерінде өмірден өз орнын таба алмай жүрген әр қилы мінезді адамдарды әжуалап сынаған.

 

Ақынның «Жәмила қыз» атты өлеңі – әйел тағдырын суреттеген, поэмаға жүк боларлықтай оқиғаны шағын өлеңге сыйғызған көрнекті туындысы. Өзінің ақындық жолында ұлы ақын Абайға еліктеген, содан үйренген С.Дөнентаев «Абайға» деген өлең жазған және «Жүрекке», «Атылғандарға», «Темірге», «Ерікті Айша» өлеңдерін Абайдың «Сегіз аяқ», «Алты аяқ» өлеңдерінің үлгісімен жазған.

 

Сәбит Дөнентаевтың қаламынан туған жүзге тарта прозалық шығармалар бар. С. Дөнентаевтың прозалық шығармалары: әдеби сын, публицистикалық мақалалар, әңгіме, очерк, фельетон, хабар болып бөлінеді. Жазушының проза жанрындағы көрнекті туындысы – «Көркемтай» әңгімесінде жетім бала Көркемтайдың ауыр да аянышты өмірі суреттелген. Жетім баланың тағдырын суреттей отырып, жазушы жетімді аяу, қайғысына жанашырлық білдіру, қайырымдылық көрсету сияқты гуманистік идеяны насихаттаған.

 

Көркем шығармаларымен қазақ әдебиетінің дамуына, қалыптасуына өзіндік үлес қосқан Сәбит Дөнентаев ұзаққа созылған сырқаттан 1933 жылы 39 жасында қайтыс болған.

 

ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіне романымен, драмалық шығармаларымен, ақындық, аудармашылық, зерттеушілік еңбектерімен үлес қосқан Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы Павлодар аймағындағы Қызылтау деген жерде кедей отбасында өмірге келген. Жүсіпбектің арғы атасы Дәндебай дәулетті, текті, атақ-абыройлы, ел арасында беделді кісі болған. Ағалары Ахмет, Жақыпбектермен бірге арабша сауатын ашқан Жүсіпбек жас кезінен бастап ағаш шеберлігі мен темір ұсталығын қатар үйренген. Он бес-он алтыға келгенде Жүсіпбек үй ішінің рұқсатынсыз Павлодарға қашып барып, қазақша-орысша екі сыныпты мектепке түседі. Жүсіпбектің өмірінен ерекше орын алатын жыл – 1914 жыл. Семейдегі оқытушылар семинариясына оқуға түскен болашақ қоғам қайраткері Қ. Сәтбаевпен, М. Әуезовпен бірге оқып, пікірлес болған. 1918 жылы М. Әуезовпен бірігіп «Абай» атты журнал шығарған, «Екеу» деген лақап атпен мақалаларын жариялап тұрған.

 

Сол кездегі саяси жағдайдың ауырлығына қарамастан Ж. Аймауытов шығармашылық жұмыстармен де айналысқан. Ж. Аймауытовтың әдеби-шығармашалық мұрасын төмендегідей топтап көрсетуге болады.

 

Прозалық шығармалары Поэзиялық шығармалары Драмалық шығармалары Аудармалары Ғылыми еңбектері

«Қартқожа» романы (1926ж.)

«Ақбілек» романы

«Күнікейдің жазығы» повесі

«Ұршық»

«Көшу»

«Жәмила»

«Ах-ха-хау»

«Ұран»

«Әскер марсельезасы»

«Мансапқорлар»

«Қанапия-Шәрбану»

«Шернияз»

«Рәбиға»

«Ел қорғаны»

«Еңбекшіл-дер ұраны»

«Жас әскер»

«Жас көсемдер маршы»

«Ревизор»

«Тас мейман»

«Сараң сері»

«Тәрбиеге көмекші»

 

«Психология»

«Жан жүйесі және өнер таңдау»

 

Ж. Аймауытовтың 1926 жылы Қызылордада басылып шыққан «Қартқожа» романы – қазақ әдебиетіндегі реалистік проза талаптарын толық қанағаттандырған көркем шығармалардың бірі. Романның барлық оқиғасы Қартқожа көзімен, Қартқожа түсінігімен, Қартқожа қабылдауымен берілген. Әкеден ерте айырылған Қартқожа ағасы Тұңғышбай екеуі отбасының барлық ауыртпалығын көтереді. Жазушы Қартқожа басындағы оқиғаларды бір-бірімен сабақтастыра көрсеткен. Романда ерекше көрініс беретін оқиғалар қазақтың тұрмыс-салт суреттері, күрес, ән салу сияқты көріністер. Шығармада әрі батыр, әрі әнші Дәрмен тағдыры, Бәтіш-Дәрмен махаббаты ерекше суреттелген. Жазушы Дәрмен тағдырына Мәди өмірін арқау еткен. Романда диалог, монолог, полилог үлгілері де шебер пайдаланылған. Шығармада С. Торайғыров сияқты тарихи тұлғалар да суреттелген, оқиға Семей, Омбы қалаларында өткен. Романның бас кейіпкері Қартқожа өмірде болған адам. 1937 жылы мерт болған Қартқожадан қалған ұрпақ Төлеш Қартқожаұлы Тоғанбаев ұзақ жылдар Қазақ ауылшаруашылығы институтында қызмет істеген.

 

Жүсіпбек Аймауытовтың қаламынан туған ең көлемді прозалық шығармасы – «Ақбілек» романы. Роман оқиғасы Алтай өңірінде өткен. Роман кейіпкерлері: Ақбілек, Мамырбай – Ақбілектің әкесі, Өрік – Мамырбайдың тоқалы, Ұрқия – Ақбілектің жеңгесі, Бекболат – Ақбілектің атастырған күйеуі, Мұқаш – Ақбілекті орыстарға ұстап берген кедей жігіті, Ескендір – Ақбілектің баласы, Балташ – Ақбілектің жары, Кәмила – Ақбілекпен мұңдас, сырлас қыз, Төлеген – Ақбілектің ағасы, Жылтыр – пәлеқор, жағымпаз, ұнамсыз адам.

 

«Ақбілек» романында ескі қазақ ауылынан шығып, жаңа өмірден орнын тапқан қазақ әйелінің тағдыры шынайылықпен суреттелген. Адамдардың қасқырынан құтылған Ақбілек дала тағыларының қоршауына түседі. Осылай көптеген тағдыр талқысынан аман құтылған Ақбілек Семей, Омбы қалаларына келіп, оқу оқып, білім алып алға қойған мақсат-мұратына жетеді. Өзін бағалап, сыйлайтын Балташқа тұрмысқа шығады, баласы Ескендірді қайта құшады. Ақбілек – қазақ әйелінің ұнамды жаңа типтік бейнесі.

 

Ж. Аймауытовтың образ жасаудағы бір шеберлігі – кейіпкерлердің өзін сөйлету. Мысалы, Мұқаш өзін-өзі былай таныстырады: «Мен таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ құлақтау, жарқабақтау, кірпі шаш, қарыс маңдай, қара сұр жігітпін. Жасым отыз бесте. Әкем Тойбағар, өзім Мұқаш болғалы аузым асқа, ауым атқа жарыған емес». Кедейден шыққан Мұқаш Мамырбаймен арадағы ескі бас араздығынан жазықсыз Ақбілекті қасқырлардың аузына тастап жібереді.

 

«Ақбілек» романы – Жүсіпбек Аймауытовтың жазушылық қарымын анық көрсеткен, қаламгердің шығармашылық жолында көрнекті орын алатын туынды.

 

Ж. Аймауытовтың проза жанрындағы көркем туындылары – «Күнікейдің жазығы» повесі мен «Әнші» әңгімесі. «Күнікейдің жазығы» повесінде қазақ халқының тұрмыс-салты, ұлттық дәстүр: көш рәсімі, қыз-бозбаланың сауық кеші, алтыбақан. ақсүйек ойындары, той қызықтары, құда қарсы алу, күту, бәйге қызығы ерекше шабытпен, көркем тілмен бейнеленген. Шығарма кейіпкерлері: Күнікей – қойшының қызы,табиғат сұлу жаратқан, өнерлі қыз, Шолпан – Күнікейдің шешесі, Тұяқ – етікші жігіт, Шәмші – Ордабай байдың қызы, Қасым – бай баласы, Баймен – батыр, палуан, Күнікеймен көңіл қосқан жігіт.

 

«Күнікейдің жазығы» повесі – қазақтың көшпелі тұрмысын қаз-қалпында бейнелеген реалистік туынды.

 

«Әнші» әңгімесі – Жетішатыр қаласындағы оқыған жастардың тұрмыс-тіршілігі негізінде жазылған көркем шығарма. Әңгіменің кейіпкерлері:

 

Әмірқан – әңгіменің негізгі кейіпкері, прототипі әнші Әміре Қашаубаев.

Жұмабек – Әмірқанды өнер жолдына баулыған ұстазы.

Ақтамақ – Әмірқан сүйген қыз.

Шәкет – қымыз сатушы келіншек.

Әбіжан – ойын басқарушы.

Мәржім, Рахымбек, Дәулетжан, Рәзия жеңгей – қосалқы кейіпкерлер.

 

Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған «Қанапия-Шәрбану», «Рәбиға», «Мансапқорлар», «Ел қорғаны», «Шернияз» деген драмалық шығармалары бар. «Шернияз» пьесасы – Семейдегі жарияланған бәйгеде бірінші орын алған, қазақ халқының көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналған, өлеңмен, ішінара ақ өлеңмен жазылған Ж. Аймауытовтың ең үздік пьесасы.

 

Жүсіпбек Аймауытовтың психология, методика, эстетика саласында жазған «Тәрбиеге көмекші», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау» деген ғылыми еңбектері де бар.

 

Поэзия, проза, драматургия, публицистика, сын, зерттеу саласында бірдей қалам тартқан Жүсіпбек Аймауытов 1929 жылы басталған зобалаң кезінде қармаққа ілініп, 1931 жылы жазықсыз жаладан атылған.

 

Қазақ поэзиясының Шолпан жұлдыздарының бірі Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы Солтүстік Қазақстан өңіріндегі Сасықкөл деген жерде өз ортасына әйгілі Бекен болыстың шаңырағында дүниеге келген. Болыс болған Бекен мектеп ашып, мұғалім ұстап, өз балаларымен бірге ауыл балаларының да оқуына қамқорлық жасаған көзі ашық, өжет, қайратты, парасатты адам болған. Әкесі Бекен ашқан ауыл мектебіндегі башқұрт жігіті Ажиетдин Ақановтан төрт жасында хат таныған зерек, білімге ынталы Мағжанды әкесі Қызылжардағы Хасен молданың медресесіне оқуға түсіреді. Мұнан әрі білімін Уфадағы «Ғалия» медресесінде жалғастырған Мағжан татардың классик жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтан дәріс алып, Бейімбет Майлинмен танысқан. Ғалымжан Ибрагимов он сегіз-он тоғыз жастағы Мағжан өлеңдерінің тұңғыш рет Қазандағы Кәрімовтер баспаханасынан басылып шығуына қол ұшын берген. Сонымен бірге өзінің «Қазақ қызы» романына Мағжанның «Айға» өлеңінің:

 

Кең дала, көресің ғой, ана жатқан,

 

Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.

 

Асқар тау, балдан тәтті сулары бар,

 

Әне, сол анам еді мені тапқан, –

 

деген бір шумағын эпиграф етіп алған. Мағжанның шығармашылық өміріне ерекше ықпал еткен оқиғалар – 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерінің жинағымен танысуы мен аса білімдар қаламгер әрі көрнекті қайраткер Міржақып Дулатовтан дәріс алып, өнеге үйренуі. Мағжан орыс және Еуропа мәдениетімен сусындамақ мақсатпен Омбыдағы оқытушылар семинариясына оқуға түскен. Семинарияда Сәкен Сейфуллинмен танысып, пікірлес болған.

 

Мағжанның барлық өмірі – поэзиясында. Ақын ел ішіндегі әлеуметтік, қоғамдық мәселелерге белсене араласып, өзінің ақындық үнін қосып отырған. Елдің келешегі жастар деп түсінген Мағжан болашақта жастардан көп үміт күткен ағартушылық-демократтық ойын «Мен жастарға сенемін» өлеңінде:

 

Арыстандай айбатты,

 

Жолбарыстай қайратты,

 

Қырандай күшті қанатты,

 

Мен жастарға сенемін! –

 

деген сөздерімен білдірген.

 

Мағжан Жұмабаевтың лирикалық өлеңдері тақырыбы жағынан бірнеше салаға бөлінеді:

 

М. Жұмабаевтың эстетикалық талғамын көрсететін табиғат лирикасына жататын: «Толқын», «Көкшетау», «Жазғы таң», «Жазғытұры», «Жел», «Толған ай», «Қысқы жолда», «Жиіленді қара орман», «Жаз келді» өлеңдері – табиғатпен сырласудан туған шығармалары.

 

Мағжан Жұмабаевтың ерекше шабытпен жырлаған тақырыбы – махаббат лирикасына жататын: «Р. альбомына», «Жұлдызды жүзік, айды алқа қып берейін», «Гүлсім ханымға», «Хор сипатты қарындас», «Сен сұлу», «Шолпы», «Сүй, жан сәулем», «Төгілген шашы», «Екі бетің сұлу қыз», т.б. өлеңдерінде адамның сан алуан психологиясы, тылсым сырлары, жүрек толқыны жан-жақты жырланған.

 

Ақынның: «Сағындым», «Жел», «Тілегім», «Жауға түскен жанға», «Тұтқын», «Айға» өлеңдері түрме тауқыметіне байланысты көңіл күйінің әуенімен жазылған.

 

М. Жұмабаевтың: «Жан сөзі», «Ой», «Жұлдыздарға», «Алдамшы өмір», «Мені де өлім әлдиле», Шын сорлы», «Сүйемін», «Батқан күн, атқан таңның жыры», «Күздігүні», «Домбыра», «Сағат», «Сарғайдым», «Зарлы сұлу», «Жәмила», «Түн еді» деген философиялық толғауларында ақынның қайғы-қасіретке толы өмірі, келешек ұрпақпен ашық тілдескен, ақтарыла төгілген ішкі сыры жырланған.

 

Мағжанның: «Тәңірі», «Жаралы жан», «Оқжетпестің қиясында», «Бесік жыры», «Туған жер», «Туған жерім – Сасықкөл», «Анама», «Айда атыңды, Сәрсенбай» өлеңдері – күрделі өмір құбылыстарын, тарихи кезеңді реалистікпен суреттейтін шығармалар.

 

«Өткен күз», «Тез барам», «Жер жүзіне», «Орал», «Орал тауы», «Алыстағы бауырыма», «Түркістан», «Күншығыс», «От», «Пайғамбар» өлеңдері – ақынның ежелгі этностар тұтастығын, түркі халықтардың бірлігін жырлайтын азаматтық лирикасы.

 

Мағжан Жұмабаев қаламынан: «Қойлыбайдың қобызы», «Қорқыт», «Батыр Баян», «Өтірік ертек», «Жүсіпхан», «Ертегі», «Тосанның тобы» сияқты эпикалық туындылар – поэмалар да туған.

 

«Қойлыбайдың қобызы», «Қорқыт», «Батыр Баян» поэмалары аңызға, белгілі тарихи оқиғаларға құрылса, «Жүсіпхан», «Өтірік ертек», «Ертегі» поэмалары шығыстық сюжетке, мысалға, тұспалға құрылған. «Қойлыбайдың қобызы» поэмасы Қойлыбай бақсы туралы Шоқан айтқан ертегінің негізінде жазылған. Мағжанның «Ертегі» дастанының бас кейіпкері әйгілі Абылай ханның тұқымы – Кенесарының баласы – Сыздық «Қорғамақ боп қазағын, ту көтеріп, қарға іледі садағын» деп ақын жырлағандай, Кенесарының ерлігін жалғастырып, әкесінің кегін қайтару үшін күреседі.

 

«Батыр Баянның» басқы бөлімінде сурет, шешендік толғау, күй төгіліп кеткен», – деп «Мағжанның ақындығы туралы» деген зерттеу еңбегінде Ж. Аймауытов айтқандай, М. Жұмабаевтың ақындық талантының биік шыңы«Батыр Баян» поэмасы. Поэманы М. Жұмабаев 1923 жылы Ташкенттегі М. Әуезовтің үйінде бір түнде жазып шыққан. Поэманың кейіпкерлері:

 

Баян – негізгі кейіпкер.

«Көп жаудың албастысы, ел еркесі

Баянның батырлығы Алашқа аян».

Ноян – Баянның інісі, 15 жасар бозбала.

«Баянның інісі бар он бес жаста –

Бөрінің бөлтірігі бала Ноян».

Абылай – Алаш елінің ханы.

«Сол кезде елге қорған болған Абылай».

Ер Көкше, Ер Қосай – Алаштың батырлары.

«Алашта ертеде өткен екі арыстан:

Ер Көкше, Ер Қосайдай ер бола ма?».

Қанай – Абылай ханның биі.

Жанатай – Баянның жолдасы, жас батыр.

Ұса, Серен – қалмақтың қос қоңтайшысы.

Бөбек – Қалмақ қызы.

 

«Жанса да жап-жас Ноян сұм сұлу қыз

 

Көп заман жүрді бірақ көз де салмай».

 

Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы – қазақ әдебиеті тарихындағы тұңғыш психологиялық поэма. Сонымен бірге Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» деген прозалық шығармасы да психологиялық новеллаға жатады. Мағжан Жұмабаевтың әдеби сын саласындағы «Ақан сері», «Ақанның өмірі», «Ақан сері сөздері», «Базар жырау», «Әбубәкір ақсақал Дибаев» деген мақалалары, «Педагогика» атты ғылыми еңбегі бар.

 

М. Жұмабаевтың ақындығы, қазақ әдебиетіндегі өзіндік қолтаңбасы туралы көптеген пікірлер айтылған. М. Әуезов: «Мен Мағжанды сүйемін. Оның Еуропалығын, әшекейін сүйемін», – десе, С. Құдаш: «Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқыған кезде, сондағы профессорлардың бірі Мағжанды «Қырғыздың (қазақтың) Пушкині» деуші еді» – деген.

 

Қазақ әдебиетіндегі зор талантты ақын, ірі эпик жазушы М. Жұмабаев 1929 жылы жазықсыз жаламен түрмеге қамалып, Карелияға жер аударылады. 1936 жылы М. Горький мен оның әйелі Е. Пешкованың көмегімен босап келгенімен, қайтадан репрессия тырнағына ілініп, 1938 жылы атылған.

 



Сұрақтар
  1. Спандияр Көбеевтің ұстаздық жолын бастаған жерді көрсетіңіз.

  2. С. Көбеевтің Крыловтан аударған мысалын көрсетіңіз.

  3. С. Көбеевтің еңбекшілдікті мадақтайтын шығармасын көрсетіңіз.

  4. С. Көбеевтің төл туындысын көрсетіңіз.

  5. С. Көбеевтің романын көрсетіңіз.

  6. «Ұзын бойлы, мес қарын, түксиген қалың қабақты, көп сөйлемейтін, жалпақ мұрын, қарсы келген адам қаймыққандай, елге зәбірлі, көршілеріне мазаң, қатты мінез адам» – деген кімнің портреті екенін көрсетіңіз.

  7. С. Дөнентаев оқыған медресені көрсетіңіз.

  8. С. Дөнентаевтың шығармалары жарияланған газетті көрсетіңіз.

  9. «Бұл заман байқағанға – күштінікі,

    Азулы, тырнақты мен тістінікі», – деген үзінді С. Дөнентаевтың қай өлеңінен алынғанын көрсетіңіз.

  10. С. Дөнентаевтың ұлы Абайдың «Сегіз аяқ» үлгісімен жазған өлеңін көрсетіңіз.

  11. С. Дөнентаевтың мысал өлеңін көрсетіңіз.

  12. Жүсіпбек Аймауытовтың атасының атын көрсетіңіз.
  13. Ж. Аймауытов Семейдегі мұғалімдер семинариясында кіммен бірге оқығанын көрсетіңіз.

  14. Ж. Аймауытовтың повесін көрсетіңіз.

  15. Ж. Аймауытовтың: «Жапырақсыз, гүлсіз, іші қуыс – кәрі ағаш» – деп кімді сынағанын көрсетіңіз.

  16. Ж. Аймауытовтың қазақ қызының тағдырын суреттеген шығармасын көрсетіңіз.

  17. «Арғы атам – ер түрік,

    Біз – қазақ еліміз.

    Самал тау, шалқар көл,

    Сарыарқа жеріміз», – деген үзінді Ж. Аймауытовтың қай өлеңінен алынғанын көрсетіңіз.

  18. Ж. Аймауытов пен М. Әуезовтің бірігіп шығарған журналы қалай аталған және ол қай қалада шыққанын көрсетіңіз.

  19. Ақбілектің атастырған күйеуінің атын көрсетіңіз.

  20. М. Жұмабаев оқыған медресені көрсетіңіз.

  21. Ғ. Ибрагимов «Қазақ қызы» романына М. Жұмабаевтың қай өлеңінің үзіндісін эпиграф етіп алғанын көрсетіңіз.

  22. Бос орынға М. Жұмабаевтың өлеңіне сай қажет жолды көрсетіңіз.

    Арыстандай айбатты,

    Жолбарыстай қайратты

    Қырандай күшті қанатты,

     _______________________.

  23. М. Жұмабаевтың прозалық шығармасын көрсетіңіз.

  24. М. Жұмабаевтың мақаласына арқау болған қазақтың сал-серісін көрсетіңіз.

  25. М. Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» поэмасы қай ғалым айтқан ертегі негізінде жазылғанын көрсетіңіз.

  26. Обаған, Жолдыөзек жерлерінің аты қай шығармада кездесетінін белгілеңіз.

  27. М. Жұмабаевтың «Жазғы жолда» өлеңінен алынған үзіндіден метафораны табыңыз.

    Шілде. Оттай ыстық күн,

    Дала – өлік. Жоқ бір күн,

    Жер де жатыр тұншығып.

  28. М. Жұмабаевтың қай поэмасының оқиғасы XVІІІ ғасырда өтетінін анықтаңыз.

  29. Төмендегі оқиғалардың «Ақбілек» романына (Ж. Аймауытов) қатыстысын белгілеңіз.

  30. М. Жұмабаевтың «Қорқыт», «Ертегі» поэмалары басылған газеттің аты

  31. Ж. Аймауытов қызмет еткен газет атын табыңыз.

  32. Мағжанның «Шолпан» жинағының басылып шығуына кім жәрдем еткенін белгілеңіз.

  33. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасындағы оқиға қай ханның тұсында болғанын табыңыз.

  34. Батыр әрі әнші Дәрмен тағдыры, Дәрмен-Бәтіш махаббат хикаясы Ж. Аймауытовтың қай шығармасында суреттелетінін табыңыз.

  35. Ж. Аймауытовтың «Әнші» деген әңгімесіндегі Жетішатыр қаласының қазіргі атын табыңыз.

  36. Қартқожаға тән қасиетті табыңыз.

  37. М. Жұмабаев «Түркістан» өлеңінде «Тұранның билері бар Тарағайдай» деп, кімді айтып отырғанын табыңыз.

  38. Қобызды жарысқа түсіріп, тұлпардан оздыратын ақынды табыңыз.

  39. С. Дөнентаевтың поэзиясына мына ақындардың шығармашылығы әсер етті

  40. М. Жұмабаевтың туған жерге арналған шығармасы (-лары)

  41. Жүсіпбек Аймауытовтың шығармасы (-лары)

  42. М. Жұмабаев өлеңдерінен алынған тармақ (-тар)

  43. Берілген үзіндідегі қазақ халқының салт-дәстүрлері

    ...Не шаруаның болса да уақыты жақындап, Ғайшаны беретін мезгілі таянып келе жатқан соң, жасау алу үшін Итбай қалаға бармақ болды.

  44. Берілген үзіндідегі теңеулер

    Боз үйде жалғыз қалып Баян енді,

    Жаралы жолбарыстай күңіренді.

    Қорғасын миын, ойын төмен басып,

    Ақылға алғыр құстай ашу төнді.

    ...Ақыры ашу ерді билеп кетіп,

    Жалп етіп сөнген шамдай ақыл өлді.

  45. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасындағы негізгі идеяны білдіретін сөздер

  46. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасындағы кейіпкерлер

  47. Жүсіпбек Аймауытовтың драмалық шығармалары

  48. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері

  49. Сәбит Дөнентаевтың «Бозторғай» деген өлеңінде Бозторғай өз мұңын қандай құстарға барып айтты?

  50. Ж. Аймауытовтың «Қартқожа» романының кейіпкерлері

Қате туралы хабарландыру