Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

Латын Америкасы елдері

Конспект

 

Әлеуметтік-экономикалық деңгейіне қарай Латын Америкасы елдері үш топқа бөлінеді. Біріншісінде – Аргентина Уругвай, Чили, Бразилия бар. Бұлар – капитализм жолына ертерек түсіп, жетілген елдер, қолдарына аймақ экономикасының 80-85 % ұстап отыр.

 

50 жж. бірінші жартысында Латын Америкасы елдерінің көпшілігінде әскери төңкерістер немесе интервенция жолымен диктаторлық режимдер орнатылды. Ол елдерде коммунистік партияларға тыйым салынды, кәісподақтардың және солшыл демократиялық қозғалыстардың қайраткерлері қудаланды.

 

50 жж. соңында қалың бұқара диктатураға, жергілікті алпауыттарға, шетел капиталына тәуелділікке қарсы күреске көтерілді. Мұның нәтижесінде Перудегі, Колумбиядағы, Гондурастағы, Гватемаладағы, Венесуэладағы диктатуралар құлатылды.

 

1956 жылы Ф.Кастро өзінің бір топ жақтастарымен бірге Кубаға жасырын түрде келіп, Ф.Батистаға қарсы партизан соғысын бастады. 1958 жылдың соңында Ф.Кастроның отрядтары Кубаның астанасы Гаванаға шабуыл бастады. Революция халықтан қолдау тауып, 1959 жылы 1 қаңтарында жеңіспен аяқталды. Революциялық үкіметті Ф.Кастро басқарды.

 

Куба революциясының жеңісі Кариб теңізі бассейніндегі шиеленісті ушықтырды. АҚШ Кубаға басып кірудің жоспарларын жасаумен болды. 1961 жылы 17 сәуірде АҚШ арнайы тобы ұйымдастырған басып кіру әрекеті іске аспады. Бұдан кейін Куба КСРО-дан көмек сұрады. Кеңес Одағы «өнеркәсіп жабдығы» деген сылтаумен Куба аумағына орташа қашықтықта ұшатын ядролық зарядтары бар 42 зымыранды жасырын өткізді. АҚШ-тың ғарыштағы жер серіктері оларды көріп үлкен жанжал туды. 1962 жылы қазанда соғыс шығып кету қаупі төнді. КСРО шегінуге мәжбүр болды. Кариб дағдарысы бейбіт жолмен шешілді.

 

Жаңғыртудың Кубалық үлгісі Латын Америкасында қайталануының алдын алу үшін АҚШ президенті Джон Кеннеди 1961 жылы тамызда 19 латынамерикалық мемлекеттер қабылдаған «Даму жолындағы одақ» бағдарламасын ұсынды. Оның мақсаты – Латын Америкасы елдерінің экономикалық және әлеуметтік дамуын жеделдету еді. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін 100 млрд. доллар қаржы бөлінетін болды.

 

60 жж. диктатуралардың жазалау саясаты, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілмегендігі 60 жж. соңында Латын Америкасында саяси күрестің жаңадан өріс алуына алып келді. Қоғамды жетілдіріп жаңарту жолдары туралы мәселе тағы да бірінші орынға шықты.

 

1968 жылы Перу мен Панамада, 1969 жылы Боливияда, 1972 жылы Эквадор мен Гондураста жасалған төңкерістер нәтижесінде өкімет басына келген әскерилер тағы да өзгерістердің бастаушылары болды.

 

Чили революциясы осы кезеңдегі басты оқиға болды.

 

1970 жылдан бастап елдегі өкімет басында «Халық бірлігі» блогына біріккен солшыл күштердің кандидаты ретінде президент болып сайланған Сальвадор Альенде бар еді. Ол Ф.Кастродан кейін Латын Америкасы еліне басшы және өкімет билігіне заңды конституциялық жолмен келген бірде-бір марксист екінші адам болды.

 

С.Альенданың үкіметі түпкі мақсаты социализмді жариялау болған революциялық өзгерістерді бейбіт жолмен жүзеге асыруға кірісті. Президент парламентте көпшілікке ие бола алмады, парламент оппозияцияның бақылауында болды. Оңшылдар мұндай жағдайда парламент сайлауында жеңіске жетіп, президентті қызметініен тайдыра аламыз деп үміттенді. Бірақ солшыл күштер жоғары саяси белсенділік көрсетіп, 1973 жылы наурызда парламент сайлауы С.Альенданы жеңіске жеткізді. Президентті парламенттің көмегімен қызметінен алып тастау мүмкін еместігі айқын болды.

 

1973 жылы шілдеде қарулы күштер басшылығы С.Альендені қорғаныс министрінің қызметіне генерал Аугусто Пиночетті тағайындауға мәжбүр етті. 1973 жылы қыркүйекте А.Пиночет жаңа төңкеріске басшылық жасады. 11 қыркүйекте С.Альенде өлтіріліп, елде әскери диктатура орнады. Чилиде А.Пиночеттің диктатурасы орнады. 1974 жылы ол ел президенті қызметіне келіп орналасты.

 

1988 жылы 5 желтоқсанда Чилиде референдум болып, оған қатысушылардың 55 % Пиночеттің өкілеттілігін ұзартуға қарсы дауыс берді.

 

1989 жылы 14 желтоқсанда Чилидің президенті мен парламентінің сайлаулары өткізілді. Президент болып христиандық-демократиялық партияның жетекшісі Патрисио Эйлвин сайланды. 1990 жылы 11 наурызда елдегі өкімет билігі Эйлвиннің қолына тапсырылды. Чилидегі әскери диктатура дәуірі осымен аяқталды.

 

Мексикада ұлттық-реформалық саясат 1940 жылы бекітілді. Оған Л.Карденас үкіметінің ауыстырылуы жол ашты. Карденастан кейін Мексикада ұлттық өнеркәсіптік буржуазиялық топтардың мүддесі қайта жаңарды.

 

Аргентинада перонизм қозғалысы болды. Оны, полковник, кейін генерал болған Хуан Доминго Перон басқарды. Ол артта қалушылықты жою негізінде әділетті өркендеген қоғам орнату үшін аргентиналықтарды бірігуге шақырды.

 

Х.Перон артта қалушылықты жою негізінде әділетті өркендеген қоғам орнату үшін аргентиналықтарды бірігуге шақырды. Миллиондаған еңбеккерлер оны өздерінің қорғаушысындай көрді. Перонның сүйеніші мемлекеттік ұлттық кәсіпшілер орталығы – Жаппай еңбек конфедерациясы (ЖЕК) болды.

 

70 жж. соңында антидиктаторлық пиғылдар, әсіресе, Никарагуада күшті болды, ондағы өкімет билігі диктатор Сомос отбасының қолында болған еді. Елде оппозияциялық екі топ – демократиялық азаттық одағы мен Даниэл Ортега бастаған сандинистік ұлт-азаттық майданы бар еді.

 

Солшылдар Ф.Кастроны өздері арман еткен адам деп есептейтін және Куба революциясының тәжірибесі қайталануын армандайтын.

 

1979 жылы олар елдің көпшілік бөлігін бақылауға алып, уақытша әскери коалициялық үкімет құрды. Диктатор Д.Самос 1979 жылы шілдеде елден Парагвайға қашып кетті.

 

1979 жылы біріккен ұлттық майданның әскери топтары елдің астанасы Манагуа қаласын басып алды. Ішкі және сыртқы жаулармен күресе жүріп, 1984 жылы сайлауда сандинистер қайтадан жеңіске жетіп, өзінің көрнекті жетекшісі Д.Ортеганы президент сайлады.

 

1979 жылы Никарагуадағы революцияның жеңісі Латын Америкасында демократияландыру үдерісін тездетті. Әскери режимдер өкімет билігін конституция бойынша сайланған үкіметтерге бере бастады. 1979 жылы Эквадорда, 1980 жылы Перуде, 1983 жылы Боливия мен Аргентинада, 1985 жылы Бразилия мен Уругвайда, 1986 жылы Гватемала мен Гондураста солай болды.

 

1989 жылы әскери төңкеріс нәтижесінде аймақтағы ең ұзақ сақталып келе жатқан Парагвайдағы Альфредо Стресснердің диктатурасы құлатылды. Чилидегі әскери диктатура ең соңғысы болып 1990 жылы құлады.

 

80 жж. Латын Америкасы тұралау және тіпті экономикалық құлдырауы кезеңіне аяқ басты. Аймақтағы елдердің көпшілігінде жан басына өндірілетін өнімнің мөлшері 1980 жылы деңгейінен кем болды. Осыған байланысты латынамерикалықтар 80 жж. «Зая кеткен он жылдық» деп бағалады.

 

Төмендегілердің бұқаралық саяси санасы оянып, саяси белсенділігінің артқаны Латын Америкасында «Солға қарай бетбұрыс жасаудың» ерекшелігі мен басты тұтқасы болды. «Солға қарай жасалған бетбұрысты» жеті ж. бойына бір өзі үстемдік еткен жаңа либерализмнен бөліп тұрған шек 1997-1998 жж. болды. «Солға қарай жасалған бетбұрыс» аймақтық көлемде 2002-2003 жж. аяқталды, бұл кезде жаңа либералдық жаңғыру өзіндік ағым болудан қалған еді.

 

Венесуэлада 1998 жылы өткен президент сайлауы Латын Америкасында солға қарай ілгері басқан алғашқы қадам болды. Онда солшыл бағыттағы жетекшілердің неғұрлым батыл өкілі Уго Чавес жеңіске жеткен еді. Оның ізінше аймақ елдеріндегі сайлауларда өкімет басына өткен кезеңнің жаңа либералдық тәжірибелерінен бас тартып, өз саясатының әлеуметтік бағдарламасын мәлімдеген саяси қайраткерлер келді.

 

2002 жылы Бразилияның президенті болып еңбекшілер партиясының жетекшісі Л.Инасиу Лула да Силва сайланды. Ол күрестің ортақ үш түрін – кедейшілікке, ашаршылыққа және әлеуметтік қайшылықтарға қарсы түрлерін, әлеуметтік реформалар бағдарламасын жариялады.

 

2003 жылы Аргентинада солшыл күштердің өкілі Нестор Киршнер президент болып сайланды. 2005 жылы Табаре Васкес Уругвай тарихындағы солшыл бірінші президент болды.

 

Боливиядағы президент сайлауында 2005 жылы солшыл радикалдық жетекші Эво Моралес жеңіске жетті, ол Латын Америкасындағы бірінші үнділік президент болды. 2006 жылы солшыл күштердің нағыз салтанатты жылына айналды. Бұл жылы солшылдар Чилиде, Коста-Рикада, Перуде, Бразилияда, Венесуэлада, Никарагуада, Эквадорда жеңіп шықты.

 

1991 жылы Аргентина, Бразилия, Парагвай және Уругвай төрт елдің кеден одағы нарығын құру туралы өздері арасындағы шартқа қол қойды. Жаңа бірлестік Оңтүстіктің Ортақ Нарығы (МЕРКОСУР) деп аталатын болды.

 

Соңғы жиырма жыл ішінде Латын Америкасында экономикалық ықпалдастықтың екі үлгісі арасында күрес жүріп жатыр. АҚШ ұсынған бір үлгі Латын Америкасын үстем құқығы бар ел ретінде Латын Америкасының біртұтас еркін сауда кеңістігіне енгізуді ұсынды., өйткені мұндай құрылымның жалпы ішкі өнімдерінің 70%-ы АҚШ-тың үлесіне тиеді.

 

МЕРКОСУР мысалы болып отырған екінші үлгі АҚШ пен ЕО тарапынан бәсекелестік болып отырғанда Оңтүстік Америка экономикасының топтастырылуын ұсынады.



Сұрақтар
  1. Кариб дағдарысы болған кезең:
  2. 1959 жылы 1 қаңтарда Кубада жеңіске жеткен революциялық үкіметті басқарды:
  3. Мексикада ұлттық реформалық саясат бекітілді:
  4. Аргентинада президент Х.Перонның сүйеніші болған ұйым:
  5. Латын Америкасы елдерінің экономикалық және әлеуметтік дамуын жеделдеткен бағдарлама:
  6. 1984 жылы сайлауда жеңіске жеткен Никарагуа басшысы:
  7. 1946-1955 жж. Аргентина президенті:
  8. «Перонизм» қозғалысы болған ел:
  9. 1970 жылы коммунистер мен социалистер құрған Чилидегі үкімет қалай аталды?

  10. Мексикадағы ұлттық-реформистік саясат бекіді:
  11. Латын Америкасының капитализм жолына бұрын түскен елдері:
  12. 1990 жылы Чилиде жойылған диктатура:
  13. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Латын Америкасындағы белсенді қозғалыстар:

  14. Ұлттық-реформистік партиялар алға қандай мақсаттар қойды?

  15. Аргентинадағы перонтизм ағымының қағидалары:

  16. Латын Америкасында социализм құру жолында революциялық күрес бастаған елдер:

  17. 70-жылдары әскери хунтаның ықпалында болған ірі мемлекеттер:

  18. 60-жылдары Латын Америкасындағы интеграциялық бірлестіктер:

  19. АҚШ-тың Латын Америкасындағы «үлкен шоқпар» саясаты:

  20. Мексикадағы «революциялық каудильизм» кезеңінің мақсаты:

Қате туралы хабарландыру